Abstract

Бұл мақала Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі алғашқы оң жылдықтағы Қазақстан суретшілерінің шығармашылықтарын мәдениеттанулық талдауға арналған. ХХ ғасырдың соңғы он жылы Қазақстан мәдениетіндегі бетбұрыс кезең еді. Осы жаңа кезеңдегі қазақстандық бейнелеу өнерінің мазмұнына қатысты отандық зерттеушілердің еңбектеріне контент-анализ жасалып, суретшілер шығармашылықтарындағы өзекті тақырыптар зерделеніп, мәдениеттің бұл саласындада ұлттың рухани ұстынын сақтап қалуға, ұлтқа, ұлттың мүддесіне, діліне деген оң көзқарас, сілкініс пайда болғаны ашылып көрсетілді. Суретшілердің ұлттың мәдени болмысына көбірек қызығушылық таныта бастағаны, оны бейнелеудің жаңа тәсілдері жолындағы ізденістері зерттелді. Осы тенденцияның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақ ұлттық мәдениетіне ерекше мән берілген мемлекеттік саясаттың оң ықпалы екені дәйектелді. Мақаланың мақсаты – егемендік алған алғашқы жылдардағы Қазақстан суретшілерініңтуындыларын мәдениеттанулық талдау. Зерттеудің басты тұлғалары: кескіндемешілер Амандос Ақанаев, Салихитдин Айтпаев, Бахтияр Табиев, Ерболат Төлепбай, Ғалым Маданов, мүсіншілер Төлеген Досмағамбетов, Бахыт Абишев, Нурлан Далбай және т.б. басқалар өз туындыларында қазақ мәдениетіне сәйкес ұлттық менталитет, ұлттық бірейгейлік, дәстүр, ұлт сипатын бейнелейді. Қарастырып отырған суретшілердің сюжеттік тақырыптарында адам және табиғат, адамның ішкі әлемі мен дүниеге деген көзқарасы, қоғамның рухани және материалдық мәдениетіне тән ерекшеліктер қамтылады.Мақалада ХХ ғасырдың соңындағы қазақстандық кескіндеме және мүсін өнерінің тақырыптары мен бейнелеу тәсілдері құрылымдық-семантикалық әдіспен талданып, көркем бейненің мағынасы ашылды; олардың ұлттық дүниетанымға негізделген, ұлттық болмысқа үндес ортақ қырлары аналогия әдісімен айқындалды.Сонымен қатар әлемдік кескіндеу жәнемүсіндеу өнерімен салыстырмалы талдау жасалып, мәселелері мен әдістеріндегі ұқсастықтары мен ерекшеліктері зерделенді. Бейнелеу өнерінің осы бір сындарлы кезеңдегі қазақ рухани мәдениетіндегі орны мен болашақ дамуына әсері ашылып көрсетілді.

Full Text
Published version (Free)

Talk to us

Join us for a 30 min session where you can share your feedback and ask us any queries you have

Schedule a call